Білім беру жүйесінде кеңінен тараған педагогикалық идеялардың бірі – Чикаго университеті ғалымдарының психолог Бенджамин Блумның жетекшілігімен құрастырған таксономия. Ол таксономияны құрастыруда оқу үдерісінде жоспарланған мақсаттарды нақты айқындау қажеттілігімен түсіндірген. Оған дейін оқу бағдарламасының мақсат, оқушылардың үйрену мүмкіндіктері және оқу нәтижесінде үйрену нәтижелері бір-біріне сәйкес келмеген: бағдарлама тек оқушылардың білім мазмұнын көрсетсе, оқу нәтижелері басқаша көрсеткіштер тұрғысынан құрастырылатын. Ал Блум таксономиясы оқудың нақты нәтижелерін оқушылардың әрекеттері тұрғысынан көрсетуге бағытталған: “Дидактикалық мақсаттар біздің оқытуда қандай нәтижелерді күтетіндігімізді түсіндіреді.Олар біздің мақсаттарымызды оқыту нәтижесінде оқушылардың құлықтарындағы өзгерістер арқылы сипаттайды ”.
Блум таксономиясының идеялары бүкіл әлем педагогикалық жұртшылығында танымал және ойлау әрекеттерінің деңгейлерін, оқу мақсаттарын айқындауда кеңінен қолданыс тапты. Таксономияның жоғары деңгейлері өзінен төмен деңгейлерден күрделі болып келеді және олардың барлығын қамтиды, мәселен, “Бағалау” деңгейі барлық деңгейлерді қажеттейді.
Танымдық саладағы дағдылар белгілі бір тақырыпты білу, түсіну мен сыни ойлау тұрғысынан қаралады. Дәстүрлі білім беру негізінен осы дағдыларды, яғни төмен тәртіптегі мақсатты алға тартуға ұмтылады. Блум таксономиясы, төмендегі суретте көрсетілгендей, ең төменгі үдерістерден жоғарыға қарай кезең-кезеңмен қозғалуды көздейтін алты кезеңді қамтиды.