Сыни ойлау оқу барысында

Сыни ойлау оқу барысында маңызды рөл атқарады. Оқуда табысқа жету үшін зерттеліп отырған нақты пәндердің тақырыбын жетік білу қажет. Сыни ойлау сабақ үстінде болып  жатқан қиын тақырыптарды жеңілдете алмауы мүмкін, ал бірақ жинақталатын тәжірибе арқылы уақыт өте келе оқулықта келтірілген дәлелдер мен дәйектерді түсінуді елеулі түрде арттырады. Бұл өтілген сабақтың тақырыбын жақсы түсінуге айтарлықтай ықпал етеді. Оқытудағы сындарлы тәсіл оқушыларға өз білімдері мен ұстанымдары жайында ойланып, тиісті сұрақтар қойып, білімін толықтырып, белгілі бір тақырыпты оқып білу кезеңінде өз түсінігін өзгертуге мүмкіндік береді.

Сындарлы білім іздену, тану және ой-толғау секілді үйренушілердің өзіндік белсенді әрекеттері негізінде игеріледі. Білім игеруде олар дайын  күйде берілген ақпаратты есте сақтау үшін қабылдамай, оларды “игеру” сөзінің шын мағынасы бойынша жан-жақты қарастырады, оларды әрекеттер арқылы зерттейді. Сындарлы білімнің басты қағидасы білімнің үйренушіге дайын берілуі мүмкін еместігімен және әр адамның қоршаған әлем туралы өмір бойы өзіндік түсінік құрастыруымен байланысты, яғни білім үйренушінің жеке басында пайда болған ойлары, идеялары, түсініктері, көзқарасы, дүниетанымы, пікірі, сұрақтары мен жауаптары, дәлелдері, ұстанымдары, уәждері мен ұстанған құндылықтары деп түсініледі. Ал мұның бәрін де үйренушілердің өздері әрекеттер мен ойлану арқылы құрастырады,  жасайды. Мұндай жағдайда ұстаз үйретпейді, ол тек шәкірт тарапынан білімді өздігімен игерудің жағдайларын ғана жасайды. Білім ұзақ уақыт есте сақталып, өмірде кең қолданыс табады, өйткені олардың мазмұны үйренушілердің өз мүдделері мен қызығушылығынан туындайды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *